Қазақстанның индустрия алыптары отандық өнімдерді сатып ала бастайды

DSC_0014

Алматыда өткен кеңесте жүйе құраушы кәсіпорындар үшін тауарлар мен қызмет ұсынушы – отандық өндірушілер қазақстандық индустрия алыптарының қажеттіліктерін біліп, олармен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Аталған шараны Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастырды.

Кеңеске Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» палатасының аймақтардағы өкілдері, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Eurasian Resources Group», «Казцинк» ЖШС, сондай-ақ, жүйе құраушы кәсіпорындарға қажетті жаңа өнім түрлерін шығаруға дайын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 20-дан астам отандық кәсіпорынның өкілдері қатысты.

Бұл шара үшжақты меморандумды іске асыру аясында өтті. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жүйе құраушы кәсіпорындар арасында Қазақстан аумағында өндірілген тауарларда қазақстандық қамтудың үлесін арттыруды қолдау жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылған болатын.

«NADLoC» ірі компаниялардың технологиялық үдерісіне қажетті тауарларға сұранысына жан-жақты талдау жасап, отандық тауар өндірушілердің әлеуетін зерттеді. Нәтижесінде ұлттық агенттік сарапшылары бес сала бойынша қазіргі уақытта шетелдік өндірушілерден 387 млн долларға сатып алынатын екі мыңнан астам тауар түрін анықтады.

«Мұндай шаралар сатып алуда жүйеқұраушы ірі кәсіпорындардың импорт алмастыру бағдарламасының даму әлеуетін көрсетеді. Мұндағы негізгі даму векторы біздің өндірісте бар дүниелерді емес, керісінше, сұранысқа ие бірақ бізде жоқ өнімді өндіруге бағытталған. Бұдан бөлек, біз жүргізген сараптама экспорттық әлеуетті қамтиды»,-деп атап өтті «NADLoC» АҚ басқарушы директоры Дмитрий Усов.

Кеңеске қатысушылар Алматы қаласындағы отандық өндірушілердің өндіріс алаңдарына барды. Бұл – «Корпорация Сайман» ЖШС мен «Келет» АҚ.

1992 жылы негізі қаланған «Корпорация Сайман» отандық электр есептегіштерді шығарады. Ол республикаға белгілі көпсалалы холдингтік «ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясының құрамына кіреді. Орталық-Азия аймағындағы электроэнергия есептеу құралдарын шығаратын толық циклді ең ірі отандық аспап жасау кәсіпорыны болып табылады. Мұнымен аттас «Saiman» аспап жасау зауыты Алматы қаласының аумағында орналасқан. Кең ауқымда белсенді электронды электр есептегіштер мен реактивті энергияларды, тоқ трансформаторларын, ішке және сыртқа орнататын электр энергиясын есептеу шкафтарын, және жарық диодты шамдарға дейінгі барлық дүниелерді шығаратын республикада және ТМД елдеріне белгілі жетекші өндіруші және өз өнімін жеткізуші болып табылады.

«Келет» – өндірістік-коммерциялық кәсіпорын. Бұл кәсіпорын 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Тұрмыстық құрал-жабдықтар шығаруда және Қазақстанның жалпыөнеркәсіптік нарығында көшбасшы болып табылады. Кәсіпорын жұмыс атқарған жылдары Қазақстан жұртшылығын таза сумен, таза ауамен, жылумен қамтамасыз ету миссиясын орындап келеді.

Кәсіпорын қуаты 250 кВт болатын электр жылыту қазандықтарын, СН көпнасосты станцияларды, қысымды ұстап тұратын автоматты агрегаттар шығарады. Сонымен қатар, суға арналған консольді электр насосы агрегаттарын жинайды.

 

                                                                             ҚР ИДМ «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту

                                                                             жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ